Инфографика

Инфографика: Қазақстандағы әкімдер сайлауы

19.08.2013 16:00

Қазақстандықтардың 2/3 бөлігі жаңадан тағайындалған әкімдер сапалы жұмыс жасайды деп үміттенеді

MediaNet халықаралық журналистика мектебінің құрамындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстандағы әкімдер сайлауы бойынша тұрғындар арасында сауалнама жүргізді.

Жауап бергендердің 64%-ы үміткерлер аймақ тұрғындары арасынан таңдалып, жергілікті халықтың пікірі ескерілгендіктен, жаңадан тағайындалған әкімдер сапалы жұмыс жасайды деп үміттенеді.

Сондай-ақ, жауап бергендердің 30%-ы әкімдерді халық сайламайтын болғандықтан, сайлаудың өткізілуі тиімcіз деп есептейді. Олардың пікірінше, әкімдерді халық емес, мәслихат депутаттары сайлағандықтан, айқын бәсекелестікке жол берілмейді.

Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 60%-ы әкімдерді сайлау жүйесі уақтылы енгізілді деп есептейтінін көрсетті.

Жауап бергендердің 15%-ы кенттер, ауылдық округтер өзін-өзі басқару жүйесіне әлі дайын емес екендіктерін ескеріп, сайлау ерте өткізілді деп санайды. Ал 10%-ы мұндай жүйе бұрын енгізілуі қажет болатын деген пікірде. Билік жүйені өте кеш енгізді деген сыни пікірді ұстанады.

Қазақстандықтардың 42%-ы сайлаудан кейін бюджет бұрынғыға қарағанда тиімдірек жұмсалады деп сенеді. Себебі, бөлінген қаржының қандай мақсатта жұмсалғаны тиімді болатынын жергілікті әкімдер біледі деп есептейді.

Ал, 39%-ы Қазақстанда аймақтық өзін-өзі басқару жүйесі әлі дамымаған деген пікірге сүйене отырып, сайланған әкімдердің бюджеттік қаражатты қадағалауға тәжірбиелері жетпейді, жергілікті бюджетті оларға тапсыруға болмайды деген пікірде. Жауап берушілердің 11%-ы ауылдық мекендерді дамытуға көптеген қаржы бөлінеді. Басты мәселе, қаржының қайда, қалай жұмсалатындығын қадағалауда деп жауап берді.

Сауалнамаға қатысқандардың 21%-ы жергілікті әкімдерге мұндай мүмкіндік берілсе, сыбайлас жемқорлық көрсеткіші өршіп кетеді, қаржы мақсатсыз жұмсалады деп алаңдаулы. Себебі, әкімдер таныс-тамыр, туыстарының жағдайына аса мән береді дейді.

Ал, жауап бергендердің 30%-ы тұрғындардың сайланған әкімнің қызметін бақылауға мүмкіндіктері болады деген пікірді ескере отырып, жаңа әкімдерге сеніммен қарайды. З7% жауап берушілер, әкімдерді сайлау жүйесінен ештеңе де өзгермейді, барлығы бұрынғы қалпында қалады дейді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облысынан 2100 адам қатысты.

Қазақстанда кенттер мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 5-9 тамыз аралығында өткізілген болатын. Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қуандық Тұрғанқұловтың мәліметінше, барлығы 2454 әкім сайланды. Қазақстанның 3 ауданында үміткерлер бірдей дауыс жинағандықтан, 28-тамыз күні сайлау қайта өткізіледі.

Орташа есеппен, бір әкім орнына екіден көп үміткер бақ сынасқан. Әкімдердің орташа жасы- 47-55 жас аралығында. Олардың 11,4%-ы әйелдер. Ең жас әкім- 25 жаста.

Жаңадан сайланған әкімдердің төрттен бірінен көбі педагогтар екен. Бұл көрсеткіш әкім-ауылшаруашылық мамандарынан 2,2%-ға жоғары. Қалған әкімдер қоғамда ең танымал мамандық иелері - инженер, экономист және заңгерлер екен.

Серіктестер