Инфографика

Инфографика: Қырымдағы жағдай

13.05.2014 12:00

Қазақстандықтардың 86%-ы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа алаңдайды

MediaNet  Халықаралық журналистика орталығы жанындағы «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнаманың мақсаты - қазақстандықтардың Украинадағы, атап айтқанда, Қырымдағы жағдайға байланысты көзқарастарын анықтау. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан барлығы 1736 адам қатысты.

Сұрақтарға 18 жастан жоғары 66% әйелдер мен 34% ер азаматтар жауап берді.

Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сауалнама және онлайн-сауалнама.

Сауалнама қорытындысын материалда demos.kz  гиперсілтесін көрсету арқылы пайдалануға болады.

 

Қазақстандықтардың көп бөлігін (86%) Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың өршуі алаңдатады. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 56%-ы осы тақырыптағы жаңалықтар легін тұрақты бақылап отырады. Ал, қазақстандықтардың 14%-н бұл жағдай қызықтырмайды. Олардың 10%-ы Украинадағы жағдайды таныстарының әңгімесінен естіген. Сауалнамаға қатысқандардың 4%-ы көрші елдегі саяси ахуалға бей-жай қарайды екен.

Респонденттердің 11%-ы Қырымның Ресейге қосылуын Украина тұрақтығын заңсыз бұзу деп есептейді. Ал, 61%-ы Қырым бұрындары Ресейге тиесілі болған, сол себепті Ресейге қосылуын қолдаймын деп жауап берді.  Ал, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 22%-ы бұл мәселе бойынша бейтарап пікір ұстанады. Алайда, бұрыннан бері достық қарым-қатынаста болған екі ел арасындағы дау-дамай оларды алаңдатады. Ал, сұраққа жауап берген азаматтардың 5%-н бұл сұрақ мүлде қызықтырмайды екен.

Сондай-ақ, сауалнама нәтижесі Ресейдің ақпарат құралдарының қазақстандықтардың көзқарасына ықпалын көрсетті. Респонденттердің 30%-ы Украинадағы жағдай жайлы ақпаратты ресейлік БАҚ-н алады. Ал, ақпаратты қазақстандық БАҚ құралдарынан алатын респонденттер саны да осы шамалас, 28%.

Украиналық ақпарат құралдарынан жаңалықтарды оқитын (көретін) азаматтар тек 0,69%. Батыс елдерінің жаңалықтарын 1,21%-ы ғана көреді. Ал, 36% сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар мүмкіндігінше, барлық елдердің ақпарат құралдарын бақылап отыруға тырысады екен. (Онлайн сауалнама нәтижесі бойынша бұл жауап 71%).

Сұрақтарға жауап берген тұрғындардың 73%-ы Ресей құрамына қосылған соң, Қырым халқының болашағы жақсарады, себебі олар ықпалды мемлекеттен қолдау табады дейді. Ал, 5%-ы керісінше, олар Украина құрамында болғанда, Еуропамен ықпалдасуға мүмкіндік болатын еді деген жауапты таңдады. (Онлайн сауалнама нәтижесі бойынша бұл жауап 27%).

Ресей мен құрамында орыс халқы бар көрші өзге мемлекеттер арасында осыған ұқсас аумақтық жанжалдар болуы мүмкін бе деген сұраққа, респонденттердің 38%-ы болуы мүмкін деп жауап берді. Болуы мүмкін емес деген жауапты таңдаған респонденттер саны да дәл осындай, 38%-ды көрсетті. Олардың төрттен бір бөлігі, яғни 23% -ы жауап беруге қиналамын деген жауапты таңдады. 

Серіктестер