Баспасөз баяндары

Зерттеу: Қазақстандықтардың төрттен бірі еліміздің ДСҰ-ға мүше болғанынан хабарсыз

29.07.2015 10:00

«DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы» тақырыбында сауалнама жүргізді. 

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1756 адам қатысты. Олардың  69%-ы әйелдер және 31%-ы ер-азаматтар. 

Сұрақ қою әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Зерттеу 2015 жылы 3-15 шілде  аралығында жүргізілді.

Статистикалық көрсеткіш қателігі 2%-дан аспайды.

22 маусым күні Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы келіссөздер аяқталды. Қазақстан 2015 жылы желтоқсан айында ДСҰ-ның толық мүшесі болады.

Елімізде алғаш рет ДСҰ-ға мүшелікке өту туралы сөз қозғалған сәттен бастап, келіссөздер жүргізілген барлық уақытта, Қазақстанның халықаралық ұйымға мүше болуының жағымды және жағымсыз жақтары әр түрлі ортада талқыланды.

«DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы ҚР азаматтарының ДСҰ жайлы пікірін анықтамақшы болды.  Зерттеу нәтижесі  қазақстандықтардың төрттен бірі  (26%) еліміздің ДСҰ-ға мүше болу үшін жасалып жатқан әрекеттерден хабарсыз екендігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан отандастарымыздың 39%-ы «келіссөздердің сәтті жүріп жатқанын біледі және мақсаты мен мәнін түсінеді». Ал, 35%-ы бұл ақпаратты естіген, алайда ұйым жайлы терең білмейді.

Олар Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуының ең пайдалы тұсы шетелдік тауарлар бағасының арзандауы дейді. Респонденттердің 32%-ы Қазақстан ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін шетелдік өндірушілер тауарларының бағасы сәл ғана арзандайды дейді. Ал, 20%-ы барлығы сол күйінше қалады, 18%-ы анағұрлым арзандайды деп жауап берді. ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін шетелдік тауарлардың бағасы қымбаттайды деп ойлайтын қатысушылар 17% екені белгілі болды.

Сауалнама барысында қатысушылардан ДСҰ отандық өндірушілер үшін қандай мүмкіндіктер жасайтыны жайлы сұралды. Респонденттердің 37%-ы өзге елдердің нарығына шығуға мүмкіндік береді, 25%-ы олардың  тауарлары бәсекеге төтеп бере алмайды деп жауап берді. Отандық өндірушілер шығындарын бір жүйеге келтіруге және тауар бағаларын арзандатуға мәжбүр болады деген жауапты таңдаған қатысушылар 24%. Ал, 14%-ы қазақстандық өндірушілерге ешқандай әсері болмайды деп сенімді жауап берді.

4 жылдан кейін Қазақстан ДСҰ-ға мүше елдердің мемлекеттік сатып алуға қатысуына рұқсат беруге міндеттеледі. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 38%-ы мұндай жағдайда бәсекелестік күшейеді, нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтердің сапасы артады деп ойлайды. 28%-ы қазақстандық компаниялар үшін тиімсіз, олар шетелдік қатысушылармен баға жағынан да, сапа жағынан да бәсекелесе алмайды деген пікірде. Бұл шешімнің тек пайдалы жағын көруге талпынғандар - 20%  . Олар мемлекеттік сатып алу процесі ашық әрі әділетті өтетін болды деп сенеді. Сондай-ақ, ештеңе де өзгермейді деп салқынқанды жауап берген қатысушылар 14%-ға тең.

Қазақстан ДСҰ-ға мүше болғаннан кейінгі жылдарда шетелдік туроператорлар, банктер, сақтандыру компаниялары және т.б. Қазақстан нарығына емін-еркін кіре алады. Респонденттердің 58%-ы бұл шешімнен тек жағымды жаңалықтарды күтеді. Олардың 16%-ы  бизнес-қызметтер тапсырыс берушілердің ыңғайына қарай жүзеге аса бастайды деп сенеді. 23%-ы қызмет көрсету саласында баға арзандайды және қызмет көрсету сапасы артады дейді. Ал, қосымша жұмыс орындары ашылады деп жауап берген азаматтар 19%. Шет елдіктер еліміздің нарығына кірсе Қазақстандық компаниялар нарықтан ығыстырылады деп қауіптенетін отандастарымыз да бар екен. Олар зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 19%-на тең. Қалған 23%-ы шет елдік компаниялар Қазақстан нарығында жұмыс жасауды бастағанда ғана белгілі болады деп алдын ала болжам жасамады.

Серіктестер