Баспасөз баяндары

Қазақстандықтардың жартысынан көбі ақшаны ұлттық валютада жинақтайды

09.12.2015 12:00

«DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың ұлттық валютаға сенімі. Экономиканың долларсыздануы» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1371 азамат  қатысты. Олардың  74%-ы әйел адамдар, 26%-ы ер азаматтар.

Сұрақ қою әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Сауалнама 2015 жылы 27 қарашадан бастап 2 желтоқсанға дейін  жүргізілді.

Статистикалық көрсеткіш қателігі 2,3%-дан аспайды.

Мүмкіндік болса, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 57%-ы депозитті ұлттық валютада ашар еді. Олардың 21%-ы депозит ашу үшін АҚШ долларын таңдайды. Евро валютасында ақша жинағысы келетін отандастарымыздың саны 8%. Респонденттердің 5%-ы депозиттерін теңге, доллар, евродан өзге валютада жинақтағысы келеді. Ал, мультивалюталық, яғни бірнеше валюталық депозит ашқысы келетіндер саны 9%-ға тең. Бұл мәліметтер «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Сонымен қатар, соңғы жылда сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 41%-ның ұлттық валютаға деген сенімі төмендеген. Теңгенің әлсіреуіне қарамастан, қазақстандықтардың 18%-ның теңгеге деген сенімі арта түскен. 24%-ы соңғы экономикалық өзгерістерге қарамастан «Ұлттық валютаға деген сенімім еш өзгерген жоқ» деп жауап берді.  Қалған сауалнама қатысушылары бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

Зерттеу барысында ұлттық валютаны нығайту үшін халық тарапынан қандай ұсыныстар бар екенін анықтамақшы болдық.  Респонденттердің 27%-ы теңгелік депозит бойынша пайыздық сыйақы мөлшерін көбейту керек дейді. 24%-ы мұнай бағасы өзгерсе немесе өзге күтпеген жағдайлар болса, Ұлттық банк тарапынан нақты шаралар күтеді. Дағдарыс кезінде инфляцияны бақылауда ұстау теңгені бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі деген респонденттердің үлесі – 14%. Сондай-ақ, 14% сауалнама қатысушылары теңге депозитіне қойылған мемлекеттік кепілдік мөлшерін арттыруды ұсынады. Ал, қалған 21%-ы бұл сұраққа қатысты нақты ұсыныс білдіре алмады.

16 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа Қазақстан халқының теңгеге деген сенімін қайта орнықтыру үшін тиісті шаралар қолдануды, сонымен қатар, экономиканы долларсыздандыру үшін жасалып жатқан жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Зерттеуға қатысқан азаматтардың 32%-ы экономиканың долларсыздануы әбден мүмкін деген пікірде екен. Олар доллар айналымнан шығады, біз тек  теңгені пайдалануға көшеміз деп болжайды. «Керісінше, доллар әлі де күшеюі мүмкін» деген пікірді ұстанатын халық 7%. 28%-ы экономиканың долларсыздануы мүмкін емес дейді. Ал, 17%-ы теңгені күшейту мақсатында шетелдік валютаны қолдану белгілі бір мөлшерде шектелуі мүмкін, алайда доллар Қазақстан нарығынан шеттетілмейді деген пікірде. Қалған 16%-ы бұл сұраққа қатысты нақты пікір білдірмеді.

Қазақстан экономикасының бірте-бірте долларсыздандыру үшін жасап жатқан шаралары жөнінде де респонденттердің ой-пікірлерін білмекші болдық. Олардың 26%-ы елдегі өнеркәсіп саласын дамыту керек, әрі отандық өндірушілерге қолдау көрсету маңызды дейді. 19%-ы шетелдік валюта емес, ұлттық валютаны қолдануға толық көшу керек десе, 11% -ы елімізде жалпы экономикалық тұрақтылық орнаса, долларсыздандыру үдерісі өздігінен жүреді дейді. Сонымен қатар, халықтық қаржылық сауаттылығын арттыру қажет (9%), қолма-қол ақшасыз төлем жасауды дамыту керек (9%) деген пікірлер де айтылды. Ал, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 7%-ы жылжымайтын мүлік мен көлікті доллар валютасында сатуға шектеу қоюды ұсынады. 

Серіктестер