Баспасөз баяндары

Сауалнама: Қазақстандықтардың көбі COVID-19 бен ҚР Мәжіліс сайлауын 2020 жылдағы ең маңызды оқиғалар деп санайды

29.12.2020 00:00

Қатысушылардың жартысы қоғамдағы түпкілікті өзгерісті әлі де мойындағысы келмейді. Олар пандемия аяқталған соң, барлығы қайтадан өз қалпына келеді деп сенеді. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «2020 жылдағы ең маңызды оқиғалар»  тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2020 жылы 8-12 желтоқсан аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53% -ы ер азаматтар, 47% -ы әйелдер. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

DEMOSCOPE бюросы жыл соңында өткен жылдың маңызды оқиғаларын еске түсіріп, саралап-сараптап, олардың қайсы халықтың есінде қалғанын анықтау үшін сауалнама жүргізеді. Зерттеу барысында респонденттер саяси және қоғамдық өмірде болған маңызды деген оқиғаларды таңдады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар Қазақстанға тікелей қатысы бар оқиғаларды ең маңызды деп санайды. Көрші елдерде болып жатқан жаһандық оқиғаларды екінші орынға жатқызды.

DEMOSCOPE сауалнамасының деректеріне сәйкес, азаматтардың көпшілігі, нақты айтсақ 39%, алдағы ҚР Мәжіліс депутаттарының сайлауын осы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы деп санайды.Маңыздылығы бойынша екінші орында – 

Ресейлік саясаткерлердің Қазақстан территориясына көз алартуы, олардың араңдатушылық мәлімдемелері. 15% қатысушы осы нұсқаны таңдады. Үшінші орында– Таулы Қарабақтағы соғыс. Бұл оқиға 12% қатысушыны бей-жай қалдырмады.

АҚШ президенті мен Беларусь президентінің сайлауы, сондай-ақ осы елде болып жатқан наразылық сәйкесінше 7 және 6% жинады. 

Көршіліс жатқан бауырлас Қырғызстандағы президент сайлауы қазақстандықтардың қызығушылығын тудырған жоқ. Небәрі 2% респондент қана «маңызды саяси оқиға» деп баға берді. Навальныйдың улануы маңыздылығы жағынан соңғы орынды алды. Бұл нұсқаны респонденттердің тек 1% -ы таңдады. 

DEMOSCOPE зерттеуінде қатысушылар 2020 жылдың ең жағымды оқиғасын таңдау керек болды. Қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (37%) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толуын ең жағымды оқиға деп атады. Респонденттердің үштен бірі (28%) коронавирусқа қарсы вакцинаны дайындау және жақын арада қазақстандықтарға жаппай екпе салудың басталуын осы жылдың жетістігіне жатқызды. 

20% қазақтың ұлы ағартушысы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын жылдың ең қуанышты оқиғасы деп санайды. Қазақстан Конституциясының 25 жылдығын қатысушылардың 8% -ы атап өтті.

2020 жылдағы ең жағымсыз оқиғалар рейтингінде COVID-19 жаһандық пандемия көш бастап тұр. Бұл –55% қатысушының пікірі. Антирейтингке пандемияға байланысты шектеулер, қашықтықтан білім беру (17%), қатаң карантин және өзін-өзі оқшаулау (11%) да кіреді. 

Респонденттерге «Жаңа 2021 жылы қандай тілегіңіз бар?» деген сауал қойылды. Халықтың көбі (42%)пандемияның тезірек аяқталғанын қалайды. Азаматтардың 21%-ы халықтың жағдайы жақсарса деген тілегін айтты. 17% оқушылардың мектепке, студенттердің ЖОО-ға қайта оралуын тілейді. 14% барлық шекара ашылып, саяхаттауға мүмкіндіктің болуын армандайды.

DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың жартысына жуығы қазақстан қоғамының өзгеру процестерін мойындағысы келмейді. Олар пандемия аяқталғаннан кейін, барлығы өз орнына келеді деп сенеді.  Респонденттердің шамамен үштен бірі, 29%-ы, керісінше  қазақстандықтардың өмірі қатты өзгерді,  енді бұрынғыдай болмайды деп жауап берді. 

Респонденттердің 22%-ң пікірінше, қазақстандықтардың қоғамдық санасы аздап өзгерген. Қазақстандықтардың өзгерістерге мойын сұнып, қажетті шектеулерді сақтағысы келмеуі олардың салт-дәстүрлердің сақталуына шектен тыс мән беруіне байланысты болса керек. Бұған дәлел – карантин кезіндегі ережеге бағынбау және отбасылық мерекелік іс-шаралардың жаппай өткізілуі. Көптеген қазақстандықтар үшін коронавирус инфекциясы емес, туыстарын ренжіту өте қауіпті болған секілді.

Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді. ______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.

Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: snezhana.tsoy@medianet.kz.

 

 

Осы тақырыптағы өзге материалдар:
Серіктестер